Францияда мемлекеттік деректер базаларын заңсыз пайдаланды деген күдікпен салық қызметкері ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол криптоактив иелері туралы мәліметтерді іздеп, олардың мекенжайларын, табысы және отбасы туралы ақпаратты қылмыскерлерге берген.
Le Parisien басылымының мәліметінше, бұл ақпаратты іздеу күдіктінің қызметтік міндеттеріне қатысы болмаған. Алынған деректер криптоинвесторларға шабуыл жасау, оларды ұрлау, бопсалау және тонау үшін пайдаланылуы мүмкін.
Әйел мәліметтердің орнына Western Union арқылы ақша алып отырған. Оның үйін тінту кезінде қылмыстық құрылымдармен байланысын көрсетуі мүмкін құжаттар мен материалдар табылған. Жауап алу барысында айыпталушы кінәсін мойындағанымен, схеманы ұйымдастырушылардың есімдерін атаудан бас тартқан.
Бұл іс криптоактив иелеріне төнетін қауіп тек әмияндар мен биржаларды бұзумен шектелмейтінін көрсетеді. Жабық мемлекеттік деректерге қол жеткізген қылмыскерлер адамның тұрғылықты жерін анықтап, қаржылық жағдайын бағалап, оны физикалық шабуылдың нысанасы ретінде таңдауы мүмкін.
Францияда криптоиндустрия өкілдері мен олардың туыстарына жасалған шабуылдар елеулі мәселеге айналды. 2025 жылы жарияланған деректердің бірінде әлем бойынша криптоактивтерге байланысты тіркелген 50 физикалық шабуылдың 14-і Францияда болғаны айтылған.
Дереккөз: Le Parisien