Ұлыбританияның Қаржылық мінез-құлықты реттеу басқармасы (FCA) футбол клубтарына қаржылық қызмет көрсетуге рұқсаты жоқ криптокомпаниялармен серіктестік орнатудың тәуекелдері туралы ескерту жасады. Реттеушінің пікірінше, мұндай әріптестік заңнаманы бұзу қаупіне, ақшаны жылыстату тәуекелдерінің артуына және жанкүйерлердің сенімінен айырылуға әкелуі мүмкін.
FCA Премьер-лига клубтары мен басқа да футбол ұйымдарына хат жолдап, қолданыстағы демеушілік келісімдерге алаңдаушылық білдірді және қазіргі әрі болашақ демеушілерді мұқият тексеруге шақырды. Сондай-ақ реттеуші реттелмейтін компаниялардың қызметін пайдаланатын клиенттер барлық қаражатын жоғалтуы мүмкін екенін және заңда көзделген қорғау тетіктеріне сүйене алмайтынын ескертті.
Мұндай жағдайлар бұған дейін де болған. Ең белгілі мысалдардың бірі — OmegaPro жобасы. Ол танымал футболшылар мен басқа да әйгілі тұлғалардың қатысуымен кеңінен жарнамаланған. Жарнамалық материалдарда Kaká, Ronaldinho, Luis Figo, Iker Casillas, Roberto Carlos, Carles Puyol, Fernando Hierro және басқа да тұлғалардың есімдері пайдаланылған. Жоба жоғары табыс уәде еткен, ал АҚШ билігінің мәліметінше, криптовалюта мен Forex инвестицияларына байланысты инвестициялық схема ретінде жұмыс істеген. 2025 жылы АҚШ Әділет министрлігі OmegaPro жобасының негізін қалаушысы мен промоутеріне қатысты 650 миллион АҚШ долларын құрайтын жаһандық Forex және криптовалюта инвестициялық схемасы бойынша айып тағылғанын хабарлады.
Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер нарығын реттеудің жаңа қағидалары күшіне енді. Цифрлық активтерді айырбастау операторларын лицензиялау және тиісті платформаларды тіркеу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы жүзеге асырылады.
Негізгі қорытынды қарапайым: жобаны танымал адамның жарнамалауы оның сенімді екенін білдірмейді. Инвестиция салмас бұрын компанияның лицензиясын, тіркелуін, ықтимал тәуекелдерін тексеріп, уәде етілген табыстың қайдан қалыптасатынын түсіну қажет.
Дереккөздер: