Қырғызстанда қаржы пирамидалары үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізу ұсынылды
Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаттарының бір тобы қаржы пирамидаларын құру және насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң жобасын әзірледі.
Ұсынысқа сәйкес, қаржы пирамидасын құрып, басқарғаны үшін 5 жылдан 7 жылға дейін, ал ірі көлемде залал келтіруге әкеп соққан осындай схемаларды жарнамалағаны үшін 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу ұсынылады. Ұйымдасқан қылмыстық топтар үшін мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Заң жобасында күдікті қаржылық операцияларды сот шешімінсіз 48 сағатқа дейін тоқтата тұру және алаяқтық интернет-ресурстарды бұғаттау мүмкіндігі де көзделген.
Бастамашылардың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қырғызстанда интернет-алаяқтықтан келген шығын 337,5 млн сомнан асқан. Ұрланған қаражаттың небәрі 2,6%-ы ғана қайтарылған.
Қазақстан үшін басты мәселе — жазаның қатаңдығы ғана емес, азаматтар жинақтарынан айырылмай тұрып, қаржы пирамидаларын анықтап, олардың қызметін тоқтатуға мүмкіндік беретін шаралардың тиімділігі.
Дереккөз: Sputnik Кыргызстан