2026 жылдан бастап Қазақстанда микроқаржы ұйымдарына жаңа талаптар енгізіледі. Қарыз алушылар микрокредиттің негізгі шарттары туралы ақпаратты және шарт жобасын қол қоюға дейін алдын ала алуға құқылы болады. Сонымен қатар, МҚҰ клиенттің төлем қабілеттілігін бағалап, оны қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін қарыздарды бермеуге міндетті болады.
2026 жылдан бастап Қазақстанда микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) қатысты қарыз алушыларды жасырын шарттардан, қосымша қызметтерді мәжбүрлеп ұсынудан және шамадан тыс борыштық жүктемеден қорғауға бағытталған жаңа талаптар күшіне енеді.
Микрокредит шартын жасасқанға дейін МҚҰ қарыз алушыға микрокредиттің негізгі талаптары көрсетілген Негізгі ақпараттық құжатты ұсынуға міндетті. Сонымен қатар, клиенттің өтініші бойынша шарттың жобасы алдын ала танысу үшін берілуі тиіс.
Шарт жасалғанға дейін МҚҰ қызметкері:
- сыйақы мөлшерлемесін;
- жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ);
- төлем мерзімін өткізіп алудың салдарын;
- қосымша қызметтердің шарттарын;
- микрокредитті өтеу тәсілдерінің айырмашылықтарын түсіндіруге міндетті.
Маңызды шарттарды жасыруға немесе қосымша қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға тыйым салынады.
Микрокредит берер алдында МҚҰ:
- қарыз алушының төлем қабілеттілігін;
- кредиттік тарихын;
- борыштық жүктемесін;
- алаяқтық белгілері мен басқа да тәуекелдерді бағалауы тиіс.
Сондай-ақ ұйым кредит алу мақсатын ескеріп, ұсынылған мәліметтерді қолжетімді дерекқорлар арқылы тексеруге міндетті.
Егер бағалау нәтижесінде микрокредит қарыз алушыны қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін екені анықталса, МҚҰ мұндай қарызды ұсынбауы, өтінімді мақұлдамауы және кредит лимитін ұлғайтпауы тиіс.
Жаңа талаптар микроқаржы нарығының ашықтығын арттыруға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
«ПАРАГРАФ» ақпараттық жүйесі. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 15 мамырдағы №92 «Микроқаржылық қызметті жүзеге асыру талаптарын бекіту туралы» қаулысы.