Әлеуметтік желілерге шектеу: Малайзия 16 жасқа дейінгі балалардың қолжетімділігін шектейді

Әлеуметтік желілерге шектеу: Малайзия 16 жасқа дейінгі балалардың қолжетімділігін шектейді

Малайзияда балалардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа талаптар күшіне енді. 1 маусымнан бастап әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар 16 жасқа толмаған тұлғалардың аккаунт тіркеуі мен пайдалануына жол бермейтін тетіктерді енгізуге міндетті.

Жаңа талаптарға сәйкес, ел аумағында жұмыс істейтін технологиялық компаниялар мен цифрлық платформалар бақылау шараларын және жасты сенімді түрде тексеру жүйелерін енгізуі тиіс. Бұл үшін кәмелетке толмағандардың аккаунт ашуына жол бермейтін заманауи сәйкестендіру құралдары қолданылатын болады.

Өзгерістердің негізгі мақсаты – балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін күшейту. Жаңа шаралар киберқауіптерден, интернет-алаяқтықтан, зиянды контентке қолжетімділіктен және кәмелетке толмағандар кездесуі мүмкін басқа да қауіптерден туындайтын тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

Осындай шектеулер басқа елдерде де енгізілген немесе енгізіліп жатыр. Австралияда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынған. Францияда 15 жасқа дейінгі пайдаланушыларды тіркеу үшін ата-анасының келісімі қажет. Португалияда 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға болмайды, ал 13–16 жас аралығындағы жасөспірімдер ата-анасының келісімін алуы тиіс. Габонда 16 жасқа дейінгі пайдаланушылар тек ата-анасының немесе қамқоршысының келісімімен тіркеле алады және жасы ресми құжаттар арқылы расталады. Италияда 14 жасқа дейінгі пайдаланушылар үшін де ата-анасының келісімі талап етіледі.

Осындай тәсіл Қазақстанда да талқылануда. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 16 жасқа дейінгі балалардың ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімінсіз онлайн-платформаларға тіркелуіне тыйым салуды көздейтін түзетулерді ұсынды.

Онлайн-платформалар деп пайдаланушылар аккаунт ашып, мәтін, фото немесе бейне жариялайтын сайттар, қосымшалар және сервистер түсініледі. Сонымен қатар, ұсынылып отырған түзетулерде ерекшеліктер қарастырылған: шектеулер мессенджерлерге, сондай-ақ банк қосымшаларына, микроқаржы ұйымдарының сервистеріне және интернет-дүкендерге қолданылмайды.

 

Дереккөздер:

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі

Channel News Asia