Өзбекстанның құқық қорғау органдары Ресей азаматтарына қарсы ауқымды телефон алаяқтығын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолын кесті.
Тергеу мәліметінше, қаскөйлер дәрі-дәрмек пен биологиялық белсенді қоспалар сататын ресейлік компаниялардың 70 мыңнан астам клиентінің жеке деректеріне заңсыз қол жеткізген. Осы мәліметтерді пайдаланып, негізінен егде жастағы адамдарға хабарласқан.
Алаяқтар өздерін әртүрлі ұйымдардың өкілдері ретінде таныстырып, сапасыз дәрі-дәрмек үшін ірі көлемде өтемақы төленетінін айтқан. Алайда оны алу үшін алдымен 5 мыңнан 20 мың рубльге дейін «салық» төлеуді талап еткен.
Нәтижесінде жәбірленушілер қылмыскерлердің есепшоттарына жалпы 9,59 миллион рубльден астам қаражат аударған.
Сот шешімімен қылмыстық топтың 21 мүшесі 3 жыл 6 айдан 9 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы 13 адам 4 жыл 3 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасына және ірі айыппұлдарға кесілді.
Бұл оқиға егде жастағы адамдардың телефон алаяқтары үшін ең осал топтардың бірі болып қала беретінін тағы бір рет көрсетті. Сондықтан жақындарыңызға алаяқтардың кең таралған тәсілері туралы үнемі ескертіп отырған жөн.
Дереккөз: Podrobno.uz