Қазақстанда мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға арналған жаңа цифрлық платформа іске қосылады

Қазақстанда мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға арналған жаңа цифрлық платформа іске қосылады

Қазақстанда мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға арналған жаңа цифрлық платформа іске қосу жоспарланып отыр. Қаулы жобасын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дайындаған.

Жобаға сәйкес, банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер және қаржы омбудсмандары қарыз алушының берешегімен бірыңғай цифрлық платформа арқылы жұмыс істей алады.

Платформа арқылы қарыз алушы бір өтінішті онлайн түрде бірден барлық кредиторға жібере алады. Жүйе кредиттік бюролардан барлық кредиттер мен микрокредиттер туралы мәліметтерді автоматты түрде алады. Егер қарыз алушының бірнеше кредиті немесе микрокредиті болса, жүйе берешекті өтеудің ортақ кестесін келісуге көмектеседі.

Құжаттарға онлайн түрде ЭЦҚ, SMS-код немесе биометрия арқылы қол қоюға болады. Егер кредиторлар берешекті реттеуден бас тартса, қарыз алушы бас тарту себептерін көріп, банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгіне алады.

Маңыздысы, платформаның іске қосылуы қарыздардың автоматты түрде кешірілетінін білдірмейді. Кредиттер мен микрокредиттер өздігінен жойылмайды. Платформа қарыз алушылар мен кредиторлар арасындағы берешекті реттеуге арналған бірыңғай цифрлық құрал болады.

 

Дереккөз:

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. “Қарыз алушылардың берешегін ұжымдық реттеуге арналған цифрлық платформаның жұмыс істеу тәртібін бекіту туралы” қаулы жобасы.