Украина Президенті Владимир Зеленский алаяқтық және басқа да қылмыстар жасау мақсатында банк карталарын немесе шоттарға қолжетімділікті бергені үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін заңға қол қойды.
Құжат дропперлікке, яғни ұрланған қаражатты аудару, қолма-қол ақшаға айналдыру және оның шығу тегін жасыру үшін үшінші тұлғалардың банк шоттарын пайдалануға қарсы күресуге бағытталған.
Заңда мынадай жазалар қарастырылған:
-
Өзінің банк картасын немесе шотына қолжетімділікті қылмыстық операциялар үшін бергені үшін — 5 100-ден 17 000 гривнаға дейін айыппұл.
-
Алаяқтық мақсатында өзгенің төлем құралдарын сатып алғаны, сақтағаны, бергені немесе сатқаны үшін — 51 000-нан 85 000 гривнаға дейін айыппұл немесе 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру.
-
Құқық бұзушылықты қайталап жасағаны немесе ұйымдасқан топ құрамында әрекет еткені үшін — 170 000 гривнаға дейін айыппұл немесе 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Ал Қазақстанда жағдай қандай?
Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекстің 232-1-бабына сәйкес дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік қолданылады.
Банк картасын немесе шотқа қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Адам жәбірленушілерді алдауға тікелей қатыспаса да, оның банк шоты ұрланған ақшаны шығару үшін пайдаланылуы мүмкін.
Stop-Piramida.kz ескертеді: сыйақы үшін банк картасын беру немесе шотқа қолжетімділік ұсыну туралы ұсыныстар қылмыстық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін. Банк деректеріңізді бөгде адамдарға бермеңіз.
Дереккөз: «Экономическая правда», Украина.