Ақпарат | Дропперге қалай айналып кетпеуге болады?
Күн сайын мыңдаған адам жұмыс іздеп, жұмысқа орналастыру сайттары мен қосымшаларын қарайды. Жоғары жалақы, еркін жұмыс кестесі және білім мен тәжірибеге қойылатын талаптардың болмауы туралы хабарландырулар оңай назар аударады. Алайда мұндай «тиімді» ұсыныстардың артында көбінесе алаяқтық схемалар жасырынады.
Хабарландыруларды еркін жариялау мүмкіндігі мен модерацияның жеткіліксіздігі салдарынан алаяқтар танымал платформаларға дропперлерге арналған вакансияларды орналастырады. Олар мұндай ұсыныстарды курьер немесе қашықтан жұмыс істейтін қызметкер секілді кәдімгі жұмыс ретінде көрсетеді. Кейде мұндай хабарламалар әлеуметтік желілер, мессенджерлер немесе электрондық пошта арқылы тікелей жіберіледі. Әдетте байланыс анонимді чаттарда немесе жалған нөмірлер арқылы жүргізіледі, ал жұмыс шарттары нақты мәліметтерсіз және үстірт сипатталады.
‼️ Тым тиімді шарттар, икемді жұмыс кестесі, аз күш жұмсау және жоғары табыс — мұның бәрі күмәнді вакансияның белгісі болуы мүмкін. Дропперлік жұмысқа тән белгілер:
• білім мен жұмыс тәжірибесін талап етпейді;
• кеңсеге келмей, толықтай қашықтан жұмыс істеуді ұсынады;
• жұмыс ресми түрде рәсімделмейді;
• өз атыңызға бірнеше банк картасын ашуды сұрайды;
• ақшаны қолма-қол шығарып, көрсетілген шоттарға аударуды талап етеді;
• аударылған қаражаттың белгілі бір пайызы көлемінде табыс уәде етеді;
• жұмыс криптовалютаны сатып алу немесе аударумен байланысты болуы мүмкін.