Қазақстан Үкіметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ауқымды заңбұзушылықтарды анықтады. Қаржы министрлігі жүргізген тексеру барысында жалған медициналық қызметтер, қайтыс болған адамдарға көрсетілген қызметтер, бір күнде шектен тыс қабылдау фактілері және пациенттің жынысына сәйкес келмейтін скринингтер тіркелді.
Анықталған деректердің қатарында бір дәрігердің бір күнде 1 442 пациент қабылдауы, 996 қайтыс болған азаматқа қатысты 3 640 медициналық қызметтің рәсімделуі және 769 мыңнан астам жынысына сәйкес келмейтін скрининг жағдайы бар.
Баяндама қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жолдауды, сондай-ақ қаржы ағындарын бақылауды күшейту мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарауына беруді тапсырды.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми сайты