Жетісу облысының полициясы прокуратураның үйлестіруімен алаяқтық call-орталық ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Тергеу мәліметінше, схеманы Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны ұйымдастырып, топ мүшелерінің рөлдерін бөліп берген.
Алаяқтар жәбірленушілермен әлеуметтік желілер және Telegram арқылы байланысқа шыққан. Ұрланған қаражатты аудару және шығару үшін «дроптар» пайдаланылып, қылмыстың ізін жасыру үшін ақша қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық топтың әрекетінен 57 адам зардап шеккен. Кейбір жәбірленушілер 1 млн теңгеден астам қаражатынан айырылған, ал жалпы залал 36 млн теңгеден асқан.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Полиция азаматтарды күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1152990?lang=kk