Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ЕРДО) және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС (БКБ) басшылығына қатысты тергеуді аяқтады. Олар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және пара алу бойынша күдікке ілінген.
ЕРДО жеке тұлғалардың табысы туралы ақпараттың жалғыз мемлекеттік операторы болып табылады. Бұл мәліметтер кредиттік бюроларға беріледі және банктер мен басқа да қаржы ұйымдары қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау кезінде пайдаланады. Бұл ақпаратқа қол жеткізу несие нарығының жұмыс істеуі үшін маңызды.
Тергеу мәліметінше, 2020 жылы ЕРДО-ның бұрынғы президенті БКБ-ның бас директорымен заңсыз келісім жасасқан. Нәтижесінде БКБ сыйақысының үлесі 30%-дан 35%-ға дейін ұлғайып, ЕРДО кірісінің үлесі 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген.
Сонымен қатар, арнайы сервис арқылы БКБ сұраныстарды өңдеуде басымдыққа ие болған. Ал ЕРДО мен Мемлекеттік кредиттік бюро арасындағы деректер алмасу арналарына сұраныстарды жасанды түрде баяулататын зиянды бағдарлама орнатылған. Бұл БКБ-ға бәсекелестік артықшылық берген.
ҚМА мәліметінше, мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Күдіктілер ұсталды, сот олардың 1 млрд теңгеден астам жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне, сондай-ақ бағалы қағаздарына тыйым салды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары тараптарға танысу үшін берілді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
https://www.gov.kz/memleket/entities/afm/press/news/details/1187243?lang=kk