WYP.KZ
зардап шеккендерге арналған өтініш үлгілері Ашу
ALEM CREDIT
зардап шеккендерге арналған өтініш үлгілері Ашу

TikTok пен ByteDance балалардың деректерінің құпиялылығына қатысты іс бойынша $400 млн төлеуге келісті

АҚШ Әділет министрлігі TikTok, ByteDance және олармен байланысты компаниялармен $400 млн көлемінде келісімге келді. Бұл келісім АҚШ-тағы балалардың интернеттегі құпиялылығын қорғау туралы заңның (COPPA) сақталуына байланысты сот ісін реттеуге тиіс.

Қаражат екі кезеңмен төленеді: $300 млн — бірден, тағы $100 млн — TikTok-тың ізашары Musical.ly-ге қатысты бұрын жасалған келісімнің күшін жою жөніндегі тиісті сот шешімінен кейін.

АҚШ Әділет министрлігі бұл келісімді COPPA-ға қатысты істер бойынша өндірілген ең ірі сомалардың бірі деп атады.

Сот талқылауына не себеп болды?

АҚШ Әділет министрлігі компанияларға қарсы талапты 2024 жылы берген. Ведомство балалардың интернеттегі құпиялылығын қорғау туралы заңнама талаптарының сақталуына қатысты талаптар қойды.

Сот талқылауы басталғаннан кейін TikTok-та елеулі өзгерістер болды. Олар компанияның меншік құрылымы мен басшылығына, заңнаманың сақталуына жауапты бөлімдердің жұмысына, сондай-ақ құпиялылық саласындағы тәжірибелерге қатысты болды.

Сонымен қатар TikTok кәмелетке толмаған пайдаланушыларды қорғау шараларын күшейтіп, жасты анықтау және бақылау тетіктерін жетілдірді, сондай-ақ ата-ана бақылауының мүмкіндіктерін кеңейтті.

АҚШ Әділет министрлігінің бағалауынша, қабылданған өзгерістер миллиондаған америкалық отбасының қорғалуын күшейтіп, ведомствоның сот талқылауы аясында көздеген мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етті.

Неліктен тараптар келісімге келді?

Әділет министрлігі қол жеткізілген келісім ұзаққа созылатын сот процесін жалғастырмай-ақ, елеулі қаржылық өндіріп алуға және енгізілген қорғау шараларын сақтауға мүмкіндік береді деп есептейді.

АҚШ Бас прокурорының орынбасары Стэнли Э. Вудворд-младший келісімді «америкалық балалар мен ата-аналар үшін үлкен жеңіс» деп атады.

Ведомство балалардың жеке ақпаратын жинайтын компаниялар заңда белгіленген талаптарды сақтауға міндетті екенін де атап өтті.

Сонымен бірге бұл келісім сот TikTok пен ByteDance-ты мәлімделген заң бұзушылықтар үшін жауапты деп таныды дегенді білдірмейді. АҚШ Әділет министрлігі реттелген талаптар айыптаулар болғанын және олар бойынша компаниялардың жауапкершілігі анықталмағанын нақтылайды.

 

Дереккөз: АҚШ Әділет министрлігі.