Павлодар облысының прокурорлары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен жалған медициналық қызметтер көрсетілгенін анықтады.
Прокуратура мәліметінше, қайтыс болған адамдарға дәрігер қабылдауы рәсімделген, ер адамдарға гинекологтың қызметі көрсетілді деп тіркелген, сондай-ақ бір медициналық қызмет үшін бірнеше рет төлем жүргізілген.
Тексеру барысында медициналық ұйымдарда елеулі заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, сертификаты жоқ мамандардың қызмет көрсетуі, қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеу және медициналық қызмет көрсету стандарттарының сақталмауы анықталған.
Қазіргі уақытта сотта екі қылмыстық іс қаралып жатыр: 62 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік қаражатты жымқыру және 41 млн теңге көлемінде залал келтірген заңсыз кәсіпкерлік.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша анықталған заң бұзушылықтар жойылып, қажетті рұқсат құжаттары рәсімделді, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды және 100 млн теңгеден астам қаражат өтелді.
Дереккөз: Павлодар облысының прокуратурасы
https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-pavlodar/press/news/details/1203973?lang=kk