«Қазақстанның қаржылық мәдениеті» қоғамдық қоры мен Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы заманауи қаржылық қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы білім беру, ғылыми және практикалық қызметті дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум құқық қорғау органдарындағы ведомстволық білім беру сапасын арттыру жылы аясында жасалып, білім беру қауымдастығы мен қаржылық қауіпсіздік саласының сарапшылары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың кезекті кезеңі болды.
Құжат білім беру, ғылыми және ағартушылық бастамаларды ұзақ мерзімді негізде бірлесіп дамытуға бағытталған. Болашақ мамандардың киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика, қаржылық сауаттылық, цифрлық гигиена және интернет-алаяқтықтың алдын алу салаларындағы практикалық құзыреттерін қалыптастыруға ерекше назар аударылады.
Ынтымақтастық аясында Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен «Қазақстанның қаржылық мәдениеті» қоғамдық қорының сарапшыларының қатысуымен бірлескен дәрістер, семинарлар, практикумдар, шеберлік сабақтары, ғылыми-зерттеу іс-шаралары және өзге де білім беру жобалары ұйымдастырылады. Сонымен қатар тараптар оқу-әдістемелік материалдармен алмасып, бірлескен ақпараттық-ағартушылық бастамаларды жүзеге асырады.
Меморандумға қол қойылғаннан кейін «Қазақстанның қаржылық мәдениеті» қоғамдық қорының жетекшісі Юрий Ли Академияның профессорлық-оқытушылық құрамына және білім алушыларына арнап дәріс оқып, Stop-Piramida.kz жобасының талдамалық жұмыстары мен нақты тергеу тәжірибесіне негізделген заманауи қаржылық алаяқтық схемаларын анықтаудың бірегей практикалық кейстерін ұсынды.
Бұл серіктестік Қарағанды академиясының білім беру әлеуеті мен қордың практикалық тәжірибесін біріктіріп, заманауи қаржылық қылмыстарға тиімді қарсы тұра алатын және азаматтарды алаяқтық схемалардан қорғайтын жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.